Site icon Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасы жанындағы "Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету орталығы" ШЖҚ МКК

МЕЙІРБИКЕНІҢ ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕГІ

Әсемгүл Елбергенова Красный Яр ауылындағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығында мейірбике болып еңбек етеді. Көкшетау медициналық колледжі түлегі еңбек жолын ауылдық жерде бастап, осы салаға адал қызмет етіп келеді. Әсемгүл Октябрьқызы отыз жылға жуық еңбек өтілінде медицинаның түрлі бағыттарында тәжірибе жинақтады. Ауыл мектебінде және ауылдық медициналық пунктте акушер қызметін атқарып, талай жанға шапағатын тигізді. Бүгінде Көкшетау қаласының іргесіндегі Красный Яр ауылындағы Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығында ем-шара кабинетінің мейірбикесі қызметін абыроймен атқаруда. «Білім алудың тамыры ащы, бірақ жемісі тәтті» деген қағиданы берік ұстанатын маман кәсіби біліктілігін арттырудан ешқашан жалыққан емес. Еңбек жолында түрлі курстарға, семинарлар мен шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасуды кәсіби дамудың негізгі тетігі санайды. Оның басты мақсаттарының бірі – өз ісінің майталманы атанып, науқастарға сапалы әрі қауіпсіз медициналық қызмет көрсету. — Бір күнде кемінде 10 адамға ем-шара жасаймын. Әр науқастың денсаулығы – үлкен жауапкершілік. Ем жүргізу барысында физикалық та, моральдық та тұрғыдан дайын болу қажет. Бір ғана абайсыз қимылдың салдары ауыр болуы мүмкін. Адам өмірі – аса қастерлі аманат, — дейді мейірбике. Әсемгүл Октябрьқызы жетістіктерін тек өз еңбегінің жемісі деп есептемейді. Ол әріптестерімен бірлесе атқарған үйлесімді жұмыстың нәтижесі екенін айтады. Себебі медицина саласы – ұйымшылдықты, өзара түсіністік пен сенімді талап ететін жауапты қызмет. Көпбалалы ана, білікті маман медицина жолын таңдаған жандарға төзім мен сабыр тілейді. Өйткені бұл сала – терең білім мен үздіксіз ізденісті, үлкен жауапкершілікті қажет ететін қасиетті мамандық.

Exit mobile version